Оқушылардың ҰБТ-ға дайындығын психологиялық тұрғыда қолдау мақсатында «ҰБТ-ға сеніммен барайық» атты тренинг ұйымдастырылып, өткізілді. Тренинг барысында оқушылардың өз күшіне деген сенімділігін арттыру, жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру, мінез-құлық және эмоциялық-ерік саласындағы дағдыларын дамыту көзделді.
Тренингтің негізгі мақсаты – оқушылардың ҰБТ-ға дайындық кезеңінде кездесетін уайым, қобалжу, ішкі қысымды төмендету, стресске төзімділігін арттыру және оқу-танымдық қабілеттерін жетілдіру болды. Сонымен қатар, өз ойларын еркін жеткізуге, бір-бірімен ашық қарым-қатынас орнатуға және топта жұмыс жасау дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән берілді.
Тренинг барысында әртүрлі психологиялық жаттығулар орындалды. «Бумба-Юмба» тайпасы жаттығуы арқылы оқушылардың топтық бірлігі мен өзара сенімі нығайтылды. «Мен қалаған есім» жаттығуы оқушылардың өзін-өзі танып, жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал етті. «Өрмекші торы» жаттығуы арқылы ұжымдық қолдау мен өзара байланыстың маңыздылығы түсіндірілді.
Ал «Қар», «Сілкіп таста» жаттығулары оқушылардың бойындағы артық кернеу мен жағымсыз эмоцияларды жеңілдетуге бағытталды. «Ең жақсы» жаттығуы өз жетістіктерін сезінуге, өзін бағалауға мүмкіндік берсе, «Үй, ағаш, жер сілкінісі» жаттығуы зейінді, жылдам шешім қабылдау және икемділік қабілеттерін дамытуға көмектесті.
Тренинг нәтижесінде оқушылардың ҰБТ-ға деген көзқарасы оң бағытта қалыптасып, өз мүмкіндіктеріне сенімі артты. Қатысушылар белсенділік танытып, жағымды эмоция алып, психологиялық тұрғыда сергіп шықты.

