27.03.24
“Оқыту мен тәрбиелеудегі құндылыққа бағытталған тәсілдер арқылы білім алушылардың тәрбиелік әлеуетін арттыру” тақырыбында кезекті педагогикалық кеңес өткізілді. Оқыту мен тәрбиелеудегі құндылыққа бағытталған тәсіл жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, адамның өмірін, денсаулығын, патриотизмді, еңбекқорлықты, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді. Бұл тәсіл білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялауға, білім беру әдістемесін, мазмұнын, құрылымын жаңартуға бағытталған. Педкеңес аясында құндылық, ұлттық құндылық, оқыту мен тәрбиелеудегі құндылыққа бағытталған тәсілдер, бала бойына ұлттық құндылықтарды дамытудағы негізгі құралдар талқыланды. Практикалық бөлімде қолданыста жоқ «Нәзір», «Шүлен тарату», «Аушадияр», «Қамшы қайтару», «Біз шаншар», «Туған жерге аунату» салт-дәстүрлері таныстырылып, «Жаужүрек», «Үлпершек», «Әсіп», «Балқаймақ» ұлттық тағамдарының жасалу жолы айтылып, «Ұлттық тағамдар» көрмесі ұйымдастырылды. Рамазан айы туған кезде орындау дәстүрге айналған Жарапазан әні айтылып, ұлттық ойындар ойнатылды. Соңында ІІІ - тоқсан бойынша білім сапасы қорытындыланды.
https://www.instagram.com/p/C5DnUKWtmTj/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==