Оқу барысында студент үшін ең маңызды не нәрсе? Менің ойымша, бұл теорияны зерттеумен ғана шектелмей, білімді тәжірибе арқылы алу және алған білімді растау.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультетінде оқып, мен өз саламда үздік маман болатыныма сенімдімін, себебі мен алған білімді үнемі қолданып отырамын, қабілеттерімді жетілдіремін.
Бізде мұғалім ретінде тек университет қабырғаларында ғана емес, Алматы қаласының мектептерінде де тәжірибе алуға мүмкіндік бар. Мамандығымыздың маңыздылығын толықтай түсініп, оқушылармен тіл табысу және шет тілін оқытудың түрлі әдістемелерін үйренеміз. Тәжірибе барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттеріне куратор мен тәжірибе жетекшілері үнемі қолдау көрсетіп отырады, оқу үрдісі ғылыми-шығармашылық ортада өтеді. Мен бұл университетке түскеніме қуаныштымын, себебі оның оқыту әдістемелері мен оқытушылары менің бәсекеге қабілетті, білімді де білікті маман бола алатыныма көп үлес қосты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті теория жағынан да, тәжірибе жағынан да студенттердің кәсіби қызығушылықтарын қанағаттандырып, жоғарғы дәрежедегі біліммен қамтамасыз ететіндігі арқасында Қазақстандағы ең сапалы жоғары оқу орындарының бірі болып өз дәрежесін сақтап отыр.
Кульмагамбетова А.М., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 4-курс студенті.
Медетбекова П.Т., ҚазҰУ жалпы тіл білімі және Еуропа тілдері кафедрасының доценті, педагогикалық тәжірибесінің жетекшісі.