«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасына» түсiндiрме
Қоғамдағы қазiргi кездегi қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы бiлiм беруге қойылатын талаптарды түбегейлi өзгерттi. Әлемнiң жетекшi елдерiнiң көпшiлiгi олардың бiлiм беру жүйесi бiлiм берудiң мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесiне қарап бағалайтын болды. Бiлiм берудiң қазiргi негiзгi мақсаты бiлiм алып, бiлiк пен дағды-машыққа қол жеткiзу ғана емес, солардың негiзiнде дербес, әлеуметтiк және кәсiби бiлiктiлiкке - ақпаратты өзi iздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгерiп жатқан бүгiнгi дүниеде лайықты өмiр сүру және жұмыс iстеу болып табылады..
Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесi әлемде болып жатқан өзгерiстермен онша үндеспей отыр. Қазiр педагогикалық қоғамдастықтың алдында бiлiм берудiң жаңа моделiн құрудың, сынақтан өткiзу мен енгiзудiң ауқымды мiндеттерi тұр, оның жүйесiнiң негiзгi принциптерi «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасында» көрсетiлген.
Осы тұжырымдамаға сәйкес мектепке дейiнгi тәрбие жүйесiн сақтап қаламыз және дамытамыз деп отырмыз. Оқытудың дамытушылық және ойын нысандары көзделген мектепалды даярлығымен бес жастағы балалар қамтылатын болады.
Әлемдiк тәжiрибе көрсеткендей, бiлiм берудiң жаңа сапасына қол жеткiзу 12 жылдық жалпы бiлiм беретiн мектептер жағдайында мүмкiн болады, ол бiлiм туралы құжаттардың айырбасталуын, бейiндiк оқытуды, көп тiлдiлiктi қамтамасыз етедi.
Қазақстанда 12 жылдық бiлiм беруге көшудi 6 жастан бастау көзделедi, бұл жас мектепте бiлiм алуға неғұрлым қолайлы, адам дамуының физиологиялық ерекшелiктерiне сәйкес деп есептелiнедi. Бастауыш мектепте оқу жүктемесiн ұлғайтпай-ақ, шетел тiлi мен информатика негiздерi енгiзiледi. Негiзгi мектепте базалық бiлiм беру 10-сыныпта аяқталады, бiрiктiрiлген курстар, алдын ала бейiндiк даярлау енгiзiледi.
11-12-сыныптарда әлеуметтiк-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми және техникалық бағыттар бойынша бейiндiк даярлау алдындағы жұмыстар мiндеттi болып есептелiнедi. Кәсiптiк мектептер мен лицейлерде бiлiктi жұмысшы кадрларды даярлау жүзеге асырылады. Бұдан да жоғары бiлiктiлiк алу үшiн қосымша бiр жылдық оқу мерзiмi көзделiп отыр.
Орта бiлiм берудiң мазмұны мектеп бiтiрушiнiң дербес және лайықты өмiр сүруi, бiлiм алуын едәуiр жоғары деңгейде жалғастыруы немесе еңбек рыногында өзiнiң орнын табуы үшiн құрылады. Бұл жерде мемлекеттiң 12 жылдық ақысыз бiлiм беруге кепiл болатынын айту керек.
ЮНЕСКО-ның ұсынымдамаларына сәйкес орта мектептi бiтiргеннен кейiн университеттен тыс бiлiм алу орта бiлiмнен кейiнгi жоғары емес бiлiм деп есептелiнедi. Осы деңгейге қызмет көрсету және басқару сипатындағы орта буын бiлiктi кадрлар даярлауға арналған кәсiптiк бiлiм беру бағдарламалары да кiредi.
Тұжырымдамаға сәйкес колледждерде осы деңгейде бiлiм алу үшiн жастар 12 жылдық бiлiм алғаннан кейiн ғана қабылданатын болады. Осы деңгейдегi бiлiм беру бағдарламалары университеттердiң бакалаврлық бағдарламаларымен сәйкес келетiн болады. Диплом оқу бiтiрушiге екi жылдан кейiн берiледi, ол егер бiтiрушi бейiн бойынша оқуға түсетiн болса, жоғары оқу орнының үшiншi курсынан бастап оқуын бiрден жалғастыруға немесе алған мамандығы бойынша жұмысқа тұруына мүмкiндiк бередi.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру саласында жоғары бiлiктi мамандар (бакалавр – магистр – Ph.D докторы) даярлаудың жаңа тәсiлдерi арқылы көп деңгейлi даярлауға көшу және оқытудың кредиттiк жүйесi ұсынылады.
Жоғары бiлiм беру өндiрiс пен нарықтың жылдам өзгерiп жатқан жағдайына бейiмделген жаңа үлгiдегi мамандар даярлауға мүмкiндiк беретiн бакалаврлық бағдарламалар арқылы iске асырылатын болады.
Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру қызметтiң ғылыми және өндiрiстiк салалары үшiн арнайы икемдi бағдарламалар бойынша жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының базасында магистрлер даярлауды енгiзедi.
Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң екiншi сатысы Тұжырымдамада берiлген Ph.D докторлық бағдарламалары, бұл оқыту мен ғылыми-зерттеу қызметiнiң арасындағы оңтайлы баланысты қамтамасыз етедi. Осы бағдарламаларды енгiзу жоғары ғылыми дәрежеге дайындауды және оны тағайындаудың мерзiмдерiн қысқартады, ол жастардың ғылыми жұмысқа деген ынтасын арттырады және ғылыми кадрлардың қартаю проблемаларын түбегейлi өзгертедi.
Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жүйесiн реформалау ғылым кандидаттары мен Ph.D докторлары ғылым дәрежелерiнiң қатар жүруiн көздейдi.
Жоғары бiлiктi мамандар, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлаудың негiзiнде оқытудың кредиттiк жүйесi жүзеге асырылады. Бiлiм берудiң үздiксiздiгi, оқу жетiстiктерiн үстемелеу және оқу бағдарламаларын өзара тану қамтамасыз етiледi. Жаңа тұрпатты мамандар даярлау Болон Декларациясына және Бiлiм берудiң халықаралық стандарттау жiктеуiшiне сәйкес үлгiде жүзеге асырылатын болады.
Осы тұжырымдаманы iске асыру жуық арадағы болашақта барлық деңгейдегi бiлiм беру стандарттарын түбегейлi қайта қарауды, ғылыми және педагогикалық кадрлардың жаңа буынын даярлауды, оқу-әдiстемелiк кешендердi толық жаңартуды, менеджменттi және сапаны бағалауды, бүкiл бiлiм беру жүйесiн бұдан әрi демократияландыруды талап етедi.
Ұзақ мерзiмдi болашақта бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын едәуiр жаңалау, оқу процесiн толық ақпараттандыру қажет.
Тұжырымдаманы iске асырудың нәтижесiнде адам ресурсын озық дамытуды және Қазақстанды әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне бiрiктiрудi қатамасыз ететiн бiлiм беру жүйесi құрылатын болады.