1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
еңбек - адамдардың өмiрi үшiн қажеттi материалдық, рухани және басқа да құндылықтар жасауға бағытталған адам қызметi;
еңбек қатынастары - тараптардың әдетте жеке еңбек және ұжымдық шарттар негiзiнде белгiлi бiр еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiнде туындайтын жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы қатынастар;
жұмыс берушiнiң актiлерi - жұмыс берушiнiң (жұмыс берушiлер өкiлiнiң) шығаратын актiлерi (бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулықтар, iшкi еңбек тәртiбiнiң ережелерi);
жеке еңбек шарты - қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасында жазбаша нысанда жасалатын екiжақты келiсiм, ол бойынша қызметкер жұмыс берушiнiң актiсiн атқара отырып, белгiлi бiр мамандық, бiлiктiлiк немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға мiндеттенедi, ал жұмыс берушi қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісiмiнде көзделген өзге де ақшалай төлемдердi уақытында және толық көлемiнде төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттенедi;
зиянды (өте зиянды) еңбек жағдайлары - белгiлi бiр өндiрiс факторларының әсер етуi қызметкердiң жұмыс қабiлетi төмендеуiне немесе ауыруына, не оның ұрпақтарының денсаулығына терiс ықпал етуiне әкеп соғатын еңбек жағдайлары;
қауiптi (өте қауiптi) еңбек жағдайлары - белгiлi бiр өндiрiс факторларының әсер етуi еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда қызметкер денсаулығының кенеттен күрт нашарлауына немесе жарақаттануына, не оның қайтыс болуына әкеп соғатын еңбек жағдайлары;
ауыр дене жұмыстары - қызметкердiң ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызметтерiнiң түрлерi не 300 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсайтын басқа да жұмыстар;
демалыс уақыты - қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындаудан бос және оны өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты;
жалақы - еңбек үшiн оның күрделiлiгiне, саны мен сапасына сәйкес төленетiн сыйақы (табыс);
бiлiктiлiк разряды - қызметкердiң өзi орындайтын жұмыстарының күрделiлiгiн көрсететiн бiлiктiлiк деңгейi;
ұжымдық шарт - еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеу үшін бір немесе бірнеше жұмыс беруші (олардың өкілдері) мен қызметкерлердің бір немесе бірнеше өкілдері арасында жазбаша шарт нысанында жасалған құқықтық акт;
iссапар - жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге еңбек мiндеттерiн орындау үшiн жiберу;
өтемақылар - жұмыс режимi мен еңбек жағдайларына, жұмысты орындаған кездегi қызметкерлердiң шеккен шығындарының орнын толтыруға байланысты ақшалай төлемдер;
ең төмен жалақы мөлшерi - меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарда жалданып жұмыс iстейтiн адамдарға ақшалай төлемдердiң Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген ең төмен мөлшерi;
жазбаша ескерту (хабарлама) - қызметкердiң немесе жұмыс берушiнiң қол қойылған және тiркелген өтiнiшi не өзге де әдiспен (хабарлама арқылы тапсырысты хатпен, факспен, электронды поштамен, жеделхатпен) берiлген өтiнiшi;
жұмыс берушiлердiң өкiлдерi - құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс берушiнiң немесе жұмыс берушiлер тобының мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi жеке немесе заңды тұлғалар;
қызметкерлердің өкілдері - кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің органдары және (немесе) қызметкерлер уәкілеттік берген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған өзге де тұлғалар мен ұйымдар;
қызметкер - жұмыс берушiмен еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек шарты бойынша жұмысты тiкелей орындайтын жеке тұлға;
жұмыс беруші - қызметкер еңбек қатынастарында тұратын заңды немесе жеке тұлға;
жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушiнiң актiлерi мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек мiндеттерiн орындайтын уақыт;
еңбек мiндеттерi - қызметкер мен жұмыс берушiнiң жеке еңбек және ұжымдық шарттармен байланысты мiндеттемелерi;
еңбек стажы - қызметкердiң заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк және өзге де қызметпен айналысушы қызметкер немесе жеке адам ретiнде еңбек мiндеттерiн жүзеге асыруға жұмсаған күнтiзбемен есептелген уақыты;
еңбек дауы - еңбек туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша бұрын қызметкер (қызметкердiң өкiлi) мен жұмыс берушi (жұмыс берушiнiң өкiлi) арасында реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiспеушiлiк;
еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган - еңбек қатынастары саласында өз өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, оны қорғау мен нормалау жағдайы, жұмыс режимi, мамандықтарды (қызметтердi) қоса атқару мүмкiндiгi мен тәртiбi, техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ жеке еңбек және ұжымдық шарттар тараптарының келісiмi бойынша өзге де жағдайлар;
еңбек туралы заңнаманың сақталуын тексеру (бұдан әрi - тексеру) - еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе оның аумақтық бөлiмшелерi жүзеге асыратын жұмыс берушiнiң немесе қызметкердiң Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын орындауын тексеру.
Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20, 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
2-бап. Еңбек туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен қызметкерлердiң жекелеген санаттарының еңбек қатынастарын реттейтiн, нормалары осы Заңның нормаларынан кем бола алмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың осы Заңның және еңбек туралы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң алдында артықшылығы бар және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңы шығарылуы талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, олар тiкелей қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қатынастарын реттейдi.
2. Егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылады.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құрылтайшылары немесе меншiк иелерi (толығынан немесе iшiнара) шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар болып табылатын ұйымдардың қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары қолданылады.
Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
4-бап. Еңбек саласындағы кемсiтушiлiкке тыйым салу
1. Әркiмнiң де өзiнiң еңбек құқықтарын iске асыруға тең мүмкiндiктерi бар. Жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiк және қызмет жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге көзқарасына, сенiмiне, азаматтықта, қоғамдық бiрлестiктерде болуына, сондай-ақ қызметкердiң iскерлiк қабiлетi мен оның еңбегiнiң нәтижелерiне байланысты болмайтын басқа да мән-жайларға қарамастан, ешкiмнiң де еңбек құқықтары шектелуге немесе оларды iске асыруда қандай да бiр артықшылықтар алуға тиіс емес. (K951000; Z990444 қараңыз)
2. Еңбек саласында кемсiтушiлiкке ұшырадым деп есептейтiн адамдар тиiстi арызымен сотқа жүгiне алады.
5-бап. Жеке еңбек және ұжымдық шарттармен реттелетiн еңбек қатынастары
1. Жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары нормативтiк құқықтық актiлермен, еңбек туралы заңдарға сәйкес жасалған жеке еңбек, ұжымдық шарттармен реттеледi.
2. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын тараптар бiржақты тәртiппен өзгерте алмайды.
3. Қызметкерлердiң жекелеген санаттарының өзге нормативтiк құқықтық актiлермен реттелетiн еңбек жағдайлары осы Заңдағы жағдайлардан төмен болмауға тиiс.
Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың жекелеген талаптарының жарамсыздығы тұтас алғанда жеке еңбек, ұжымдық шарттарды жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.
4. Осы Заң еңбек қатынастарын реттейтiн ең аз мерзiмдер мен талаптарды жолға қояды. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың тараптары бұл ең аз деңгейдi жақсарту жағына өзгерте алады.
5. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары, егер олар заң актілерiне қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
6-бап. Мәжбүрлi еңбекке тыйым салу
Мәжбүрлi еңбекке тыйым салынған. Мәжбүрлi еңбекке тек сот үкiмi бойынша, не төтенше немесе соғыс жағдайлары жарияланған кездерде ғана жол берiледi. (Z000117; Z000120 қараңыз)
7-бап. Қызметкерлердiң негізгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Қызметкердiң:
1) жұмыс берушiмен осы Заңда белгiленген тәртiппен жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге және бұзуға;
2) тең еңбегi үшiн қандай да болсын кемсiтусiз тең ақы алуға;
3) қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай келетiн еңбек жағдайларына;
4) егер басқа заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, кәсiптiк одақтарға немесе басқа да қоғамдық бiрлестiктерге өз еркiмен мүше болуға;
5) демалысқа;
6) өзiнiң еңбек мiндеттерiн атқаруына байланысты денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеттiруге;
7) кепiлдiктер мен өтемақылар алуға;
8) еңбек дауларын тараптардың келiсуiмен немесе сот тәртiбiмен шешуге;
9) жұмыс берушіден жеке еңбек шартында тараптың атынан өкiлдiк ететiн лауазымды адамның өкiлеттiгiн растауды талап етуге;
10) ұжымдық шартпен және жұмыс берушiнiң актiлерiмен танысуға;
11) өзiнiң кәсiби бiлiктiлiгiн арттыруға құқығы бар.
2. Қызметкер:
1) жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актiлерінде жазылған еңбек міндеттерін адал орындауға;
2) еңбек тәртiбiн сақтауға;
3) жұмыс процесiнде жұмыс берушiге мүлiктік зиян келтіруге жол бермеуге;
4) еңбек қорғау, өрт қауіпсіздігі және өндірістік санитария жөніндегі ережелердің талаптарын орындауға; (Z040528 (Z040528 16), 19) тармақшалар; V990866 (2-тарау 7) тармақшаны қараңыз)
5) жеке еңбек шартына сәйкес өзiне сенiп тапсырылған, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге; (K990409 қараңыз)
6) адамдардың өмiрі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен қызметкерлер мүлкінің сақталуына қатер төндiретiн ахуал туындағаны туралы хабарлауға;
7) міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың көшірмесін ұсынуға;
8) зейнетақы жинақтарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударған кезде міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасасқаны жөнінде жұмыс берушіні хабардар етуге;
9) денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты жағдайлардан басқа, оның еңбекке жарамсыздығы анықталған жағдайда бұл туралы жұмыс берушiнi оның еңбекке жарамсыздығы анықталған сәттен бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей хабардар етуге мiндеттi.
Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20, 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
8-бап. Жұмыс берушiнiң негізгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Жұмыс берушінің:
1) Осы Заңда белгiленген тәртіппен қызметкерлермен жеке еңбек және ұжымдық шарттарды жасасуға, өзгертуге және бұзуға;
2) жұмысқа қабылдау кезiнде қызметкерден осы Заңда көзделген, белгiлi бiр еңбек қызметімен айналысуға және (немесе) белгiлi бiр қызметтi атқаруға мүмкiндігін растайтын құжаттар берудi талап етуге;
3) өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға.
Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты актілерді қабылдау қызметкерлер өкілдерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады;
4) қызметкерлердi көтермелеуге, оларды осы Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртіппен тәртіптiк және материалдық жауапкершілiкке тартуға;
5) өзіне қызметкер келтiрген зиянды өтеттіруге;
6) алып тасталды
7) өз құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау мақсатында жұмыс берушiлер бiрлестiктерiн құруға және оларға кiруге;
8) қызметкерге сынақ мерзiмiн белгілеуге;
9) егер жеке еңбек шартының талаптарында жазылған болса, қызметкерді оқытып-үйретуге байланысты өз шығындарының орнын толтыруға құқығы бар.
2. Жұмыс беруші:
1) қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына, жеке еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
2) қызметкерлер өкілдерінің ұсынысын қарауға, келіссөздер жүргізуге және ұжымдық шарт жасасуға;
3) қызметкерлерді өз қаражаты есебінен өздерінің еңбек міндеттерін орындауы үшін қажетті құралдармен және материалдармен қамтамасыз етуге;
4) қызметкерді жұмысқа қабылдаған кезде онымен жеке еңбек шартын жасасуға, қызметкерді ұжымдық шартпен және жұмыс берушінің актілерімен таныстыруға;
5) жалақыны және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген өзге де төлемдерді уақтылы және толық көлемінде төлеп тұруға;
6) қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге;
7) Қазақстан Республикасының еңбек туралы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасының, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын сақтауға; Z040528 V990866 2-тарау 4)-6) тармақшаларды қараңыз
8) қызметкердің еңбек міндеттерін атқаруы кезінде оның денсаулығы мен өміріне зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыруға; K990409 809-бап 811-бап Z040580
9) қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуге; K941000 K990409 параграф 2 параграф 4 K010155
10) қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның ұсталуы мен аударылуы туралы мәліметтердің сақталуын және мемлекеттік мұрағатқа өткізілуін қамтамасыз етуге;
11) егер жұмысты жалғастыру қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, оны тоқтата тұруға;
12) қызметкерге зиянды (өте зиянды) және қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайлары мен кәсіптік аурудың ықтималдығы туралы ескертуге;
13) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде қатердің алдын алу жөнінде шаралар қолдануға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, профилактикалық жұмыстарды жүргізуге;
14) қызметкерден міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың көшірмесін талап етуге; (Z970136 (1-бап 17) тармақша; V032345
15) жұмыс уақытының, соның ішінде жұмыс уақытынан тыс істеген жұмыс, әрбір қызметкердің зиянды (өте зиянды), қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайларында, ауыр дене еңбегімен айналысқан жұмыс уақытының нақты есебін жүргізуге;
16) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен профилактикалық, алдын ала және мiндеттi медициналық тексерулерден өткiзiлуге тиiс адамдардың осындай тексерулерден уақтылы өткiзiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20, 2006.07.07. N 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
2-тарау. Жеке еңбек шарты
9-бап. Жеке еңбек шартының мазмұны
1. Жеке еңбек шартында:
1) тараптардың реквизиттерi:
жұмыс берушi - заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жерi, жұмыс берушi - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының мемлекеттiк тiркеу нөмiрi мен уақыты;
жұмыс берушiнiң (оның өкiлiнің) тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе) және қызметi, ал жұмыс берушi - жеке тұлға болған жағдайда оның тұрақты тұрғылықты жерiнiң мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi;
қызметкердiң тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi; әлеуметтiк жеке кодының нөмiрi (ӘЖК), салық төлеушiнiң тiркелу нөмiрi (СТН); (K010209 (520-бап 3-тармақ; 523-бап қараңыз)
2) еңбек мiндетi (белгiлi бiр қызмет, мамандық, кәсіп бойынша жұмыс);
3) жеке еңбек шартының мерзiмi;
4) еңбек мiндеттерiн жүзеге асыру басталатын күн;
5) еңбек жағдайларының сипаттамалары, қызметкерлерге ауыр дене еңбегі немесе зиянды (өте зиянды) немесе қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін берілетін кепілдіктер мен өтемақылар; (P991930; V001211; V043009; V053445 қараңыз)
6) жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимi;
7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары;
8) жұмыс берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
9) қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi;
10) жеке еңбек шартын өзгерту, бұзу және ұзарту тәртiбi;
11) өтемақылар төлеу мен кепiлдiктер беру тәртiбi;
12) тараптардың жауапкершілiгi көрсетiлуге тиiс.
1-1. Жеке еңбек шартын белгіленген мерзімге жасасқанда тараптардың осы шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін өзара жауапкершілігі белгіленуі мүмкін.
2. Тараптардың келiсiмi бойынша жеке еңбек шартына өзге де жағдайлардың енгiзiлуi мүмкiн.
3. Жұмыс беруші қызметкерден осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда жеке еңбек шартында келісілмеген жұмысты атқаруды талап етуге құқылы емес. (Z030387 (16-бап 2-тармақ, 4) тармақша; Z050029 (29-бап қараңыз)
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
10-бап. Жеке еңбек шартының мерзiмi
1. Жеке еңбек шарты:
1) белгiсiз мерзiмге;
2) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделгендегіден басқа жағдайларда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Қызметкермен жеке еңбек шарты қайталап жасалған жағдайда ол белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Егер тараптардың ешқайсысы еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған жеке еңбек шартын тоқтатуды талап етпесе және еңбек қатынастары іс жүзінде жалғасатын болса, онда жеке еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Жеке еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалатын қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақылар беруден жалтару мақсатында жеке еңбек шартын белгілі бір мерзімге жасасуға тыйым салынады;
3) алда тұрған жұмыс сипатының қысқа мерзімділігіне немесе оны орындау шартына байланысты, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ қызметкерді ауыстыру уақытына бір жылдан кем белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
2. Егер жеке еңбек шартында оның қолданылу мерзiмi айтылмаса, шарт белгiсiз мерзiмге жасалған деп есептеледi.
3. Қызметкерге өтемақылар мен кепілдіктерді беруден жалтару мақсатында жеке еңбек шартының белгілі бір мерзімге жасалған фактісі анықталған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
11-бап. Жұмысқа қабылдауға жол берiлетiн жас
1. Жеке еңбек шартын он алты жасқа толған адамдармен жасасуға жол берiледi.
2. Орта бiлiм алған не жалпы бiлiм беретiн оқу орнын тастап кеткен жағдайда он бес жасқа толған адамдар ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының келiсiмiмен жеке еңбек шартын жасаса алады.
3. Ата-анасының бiрiнiң (қорғаншысының, қамқоршысының) келiсiмiмен жеке еңбек шарты оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн он төрт жасқа толған оқушымен жасалуы мүмкiн.
4. Ата-ананың (қорғаншының, қамқоршының) келiсiмi жазбаша нысанда (өтiнiш) берiледi, бұл орайда, ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) кәмелетке толмаған адаммен бiрге жеке еңбек шартына қол қояды.
5. Он сегiз жасқа толмаған адамдарды ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) қауіпті (өте қауіпті) жұмыстарға қабылдауға жол берiлмейдi. (V053445 қараңыз)
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
12-бап. Жеке еңбек шартын жасасу
1. Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемiнде екi дана етiлiп жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бiр данасы тараптар қол қойғаннан кейiн қызметкерге берiледi.
2. Жеке еңбек шартында көрсетiлген жұмыстың басталу күнi қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындауының басталуы деп есептеледi.
Жеке еңбек шарты болмаған және (немесе) ол жұмыс берушiнiң тарапынан тиiстi түрде ресiмделмеген жағдайларда жеке еңбек шартының күшi жұмысқа нақты жiберiлген кезден басталады.
3. Жеке еңбек шарты жасалғаннан кейiн жұмыс берушi қызметкердi жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығаруға мiндеттi, ол қызметкерге қол қойғызылып хабардар етiледi.
4. Жеке еңбек шартын жасасу үшiн жұмыс берушi қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттарды, жеке басының куәлiгiн (төлқұжатын), әлеуметтiк жеке кодының берiлгенi туралы куәлiктi, он алты жасқа толмаған адамдар үшiн тууы туралы куәлiгiн, бiлiмi немесе кәсiби даярлығы туралы құжатты, және заңдарда көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы. (P001063 (1-тарау 5, 6-тармақтарды қараңыз)
5. Қызметкердiң бiрнеше жұмыс берушiмен жұмыс уақыты ұзақтығының толық болмауы көзделетiн жеке еңбек шартын жасасуға құқығы бар.
6. Ұйымның басшысымен жеке еңбек шартын ұйымның меншiк иесi не меншiк иесi уәкiлдiк берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген мерзiмге жасасады.
7. Жеке еңбек шартына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу оны жасасу үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
13-бап. Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар
Қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар: еңбек кітапшасы (ол бар болған жағдайда), жеке еңбек шарты не жұмысқа қабылдау және жұмыстан босату туралы бұйрықтардың үзіндісі немесе ұйымның басшысы (жұмыс беруші) куәландырған (қол қойған) не нотариатта куәландырылған қызметтік тізімі (қызметкердің жұмыс, еңбек қызметі туралы мәліметтер тізбесі) болып табылады.
Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
14-бап. Жұмыс туралы және жалақы мөлшерi туралы құжаттар беру
Қызметкердiң, оның iшiнде бұрынғы қызметкердiң өтiнiшi бойынша жұмыс берушi оған бес күн мерзiмнен кешiктiрмей оның мамандығы, бiлiктiлiгi, қызметi, жұмыс уақыты мен жалақысының мөлшерi көрсетiлген анықтаманы, қызметкердiң бiлiктiлiгi мен оның жұмысқа көзқарасы туралы мәлiметтер жазылған мiнездеме-ұсынымды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жұмыс туралы басқа да құжаттарды беруге мiндеттi.
15-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақ
1. Жеке еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатында тараптардың келiсiмiмен сынақ өткiзiлуi мүмкiн.
2. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетiлуге тиiс.
Бұл талап болмаған жағдайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледi.
3. Сынақ кезеңiнде қызметкерлерге осы Заңның нормалары, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары қолданылады.
4. Сынақ мерзiмiн үш айдан асыруға болмайды.
Қызметкер дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
16-бап. Жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақтың нәтижесi
1. Тараптардың бiреуi сынақ мерзiмi бiткенге дейiн жеке еңбек шартын жазбаша түрде бұзуға құқылы, бұл орайда жеке еңбек шарты хабарландырылған кезден бастап бұзылды деп есептеледi.
2. Жұмыс берушi қызметкердi сынақ мерзiмi бiтпей тұрып жоғары қызметке тағайындаған жағдайда қызметкер жұмысқа қабылдау кезiндегi сынақтан өткен болып есептеледi.
3. Егер сынақтың мерзiмi бiтiп, тараптардың ешқайсысы екiншi тарапқа жеке еңбек шартын бұзу туралы хабарламаса, шарт одан әрi қолданылады және оны жалпы негiздерде ғана тоқтатуға жол берiледi.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
17-бап. Басқа жұмысқа ауыстыру
Бiр ұйымда басқа жұмысқа, не ұйыммен бiрге басқа жерге ауыстыруға, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке еңбек шартына тиiстi өзгерiстер енгiзiле отырып, қызметкердiң жазбаша келiсiмiмен ғана жол берiледi.
18-бап. Қызметкердi басқа жұмыс орнына ауыстыру
Қызметкердi сол ұйымдағы басқа жұмыс орнына, сол жердегi басқа құрылымдық бөлiмшеге ауыстырған ретте, жеке еңбек шартында келiсiлген мамандық, бiлiктiлiк немесе қызмет шегiнде басқа механизмдегi немесе агрегаттағы жұмысты тапсыруға, егер бұл жеке еңбек шартының талаптарын өзгертуге әкеп соқпаса, қызметкердiң келiсiмi талап етiлмейдi.
Жұмыс берушi қызметкердi оның денсаулық жағдайы жарамайтын басқа жұмысқа ауыстыруға құқылы емес.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
19-бап. Еңбек жағдайларының өзгеруi
1. Ұйымдарда өндiрiстiң өзгеруiне және жұмыс берушiдегi жұмыс көлемiнiң қысқаруына байланысты сол кәсiп (мамандық), бiлiктiлiк, қызмет бойынша жұмысты жалғастыру кезiнде еңбек жағдайларын өзгертуге жол берiледi. Еңбек жағдайларының өзгеруi туралы қызметкер бiр ай бұрын жазбаша хабардар етiлуге тиiс.
2. Еңбек жағдайлары өзгертiлген жағдайда жеке еңбек және ұжымдық шарттарына тиiсiнше толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiледi. Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келiспесе, онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
20-бап. Өндiрiстiк қажеттiлiк болған жағдайда басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
Өндiрiстiк қажеттiлiк болған, соның iшiнде жұмыста болмаған қызметкердi уақытша ауыстыру керек болған жағдайда жұмыс берушiнiң қызметкердi оның келiсiмiнсiз бiр айға дейiнгi мерзiмге еңбегiне атқаратын жұмысы бойынша, бiрақ бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысынан кем емес ақы төлей отырып, жеке еңбек шартында келiсiлмеген және оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн сол жердегi, сол ұйымдағы басқа жұмысқа ауыстыруға құқығы бар.
Мұндай ауыстыруға дүлей апаттың өндiрiстiк аварияның алдын алу немесе оларды жою немесе олардың зардаптарын дереу жою үшiн, жазатайым жағдайларды, мүлiктiң жойылуын немесе бүлiнуiн болғызбау үшiн жол берiледi.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
21-бап. Iркіліске байланысты уақытша басқа жұмысқа ауыстыру
Жұмыс берушiнің iркiліс жағдайында қызметкердi мамандығын, бiлiктiлiгiн ескере отырып, оның денсаулық жағдайына зақым келтiрмейтiн басқа жұмысқа өзінің келiсiмiнсiз күнтізбелiк жыл iшiнде бір айдан аспайтын мерзімге ауыстыруға құқығы бар.
Iркiліске байланысты уақытша басқа жұмысқа ауысқан жағдайда еңбекке ақы төлеу талаптары жеке еңбек немесе ұжымдық шарттарында белгіленедi, бұл ретте ол қызметкердiң бұрынғы жұмыс орнындағы орташа айлық жалақысының үштен екi бөлiгінен кем болмауға тиіс.
Егер қызметкер жаңа жағдайларда жұмысты жалғастыруға келіспесе, онда онымен жасалған жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 7) тармақшасына сәйкес бұзылады.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
22-бап. Бiлiктiлiктi керек етпейтiн жұмысқа уақытша ауыстыруды шектеу
Iркiлiс кезiнде және жұмыста болмаған қызметкердi алмастырған жағдайда бiлiктi қызметкердi бiлiктiлiктi керек етпейтiн жұмысқа қызметкердiң жазбаша келiсiмiнсiз ауыстыруға жол берiлмейдi.
23-бап. Денсаулық жағдайы бойынша басқа жұмысқа уақытша ауыстыру
1. Белгiлi бiр жұмыс берушiде еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты еңбекте мүгедек болуына, кәсiптiк ауруына немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты, қызметкердi жұмыс берушi еңбек қабiлеттiлiгiн қалпына келтiргенше немесе мүгедектiгi айқындалғанша бұрынғы жалақысы мен жаңа жұмыстағы жалақысының айырмасын қосымша төлей отырып, неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстыруға мiндеттi. (P010326 қараңыз)
2. Қызметкер неғұрлым жеңiл басқа жұмысқа ауыстырудан бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты бас тартқан кезден бастап бұзылады.
3. Жүктi әйелдер медициналық қорытындыға сәйкес ауыр және қолайсыз өндiрiстiк факторлардың әсерi болмайтын басқа жұмысқа бұрынғы жұмысындағы орташа айлық жалақысы сақтала отырып ауыстырылады.
24-бап. Мүлiктiң меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші қайта ұйымдастырылған кездегі еңбек қатынастары
1. Жұмыс берушінің атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны (мәртебесi) не ведомстволық тиесiлiгi өзгерген жағдайларда еңбек қатынастарының қолданылуы тоқтатылмайды.
2. Мүліктің меншік иесі ауысқан немесе жұмыс беруші - заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде еңбек қатынастары өзгерістерсіз жалғастырылады. (K941000 (46-бап; 48-бап; 51-бап қараңыз)
Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
25-бап. Жеке еңбек шартын тоқтату мен бұзу негiздерi
1. Жеке еңбек шарты:
1) мерзiмiнің бiтуi бойынша;
2) тараптардың еркiне байланысты емес мән-жайлар бойынша тоқтатылуы мүмкiн.
2. Жеке еңбек шарты:
1) тараптардың келiсiмi бойынша;
2) тараптардың бiрiнiң бастамасы бойынша;
3) заң актiлерiнде көзделген өзге де негiздер бойынша бұзылуы мүмкiн.
3. Тараптар жасасқан жеке еңбек шарты тараптардың келiсiмi бойынша бұзылуы мүмкiн. Қызметкер мен жұмыс берушiнiң жазбаша келiсуi жеке еңбек шартын тараптардың келiсiмi бойынша бұзудың негiзi болып табылады.
4. Жеке еңбек шарты тараптардың бiрiнiң бастамасымен, егер бұл тарап екiншi тарапқа жеке еңбек шартында келiсiлген мерзiмде жазбаша ескертсе, бұзылуы мүмкiн. Бiр тараптың екiншi тарапқа ескерту мерзiмi жеке еңбек шарты бұзылған кезге дейiн бiр айдан кем болмауы керек.
4-1. Жеке еңбек шарты осы Заңның 26-бабының 8), 9), 10), 11), 12), 14), 15) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзылған кезде қызметкердi алда шарттың бұзылатыны туралы ескерту талап етілмейдi.
5. Жеке еңбек шартын бұзу және тоқтату жұмыс берушiнiң бұйрығымен ресiмделедi.
Ескерту. 25-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
26-бап. Жеке еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың негiздерi
Жеке еңбек шарты:
1) ұйым (заңды тұлға) таратылған, жұмыс берушiнiң (жеке адамның) қызметi тоқтаған;
2) қызметкерлердiң саны немесе штаты қысқартылған;
3) жеке еңбек шартының қолданылу мерзiмi немесе сынау мерзiмі iшiнде қызметкердiң жеткiлiктi бiлiктiлiгiнiң болмауы не белгiлi бiр жұмысты жалғастыруға кедергi келтiретiн денсаулық жағдайы салдарынан атқаратын қызметiне немесе орындайтын жұмысына сәйкессiздiгi аңғарылған;
4) жүктiлiгi және бала тууы бойынша демалыста болу уақытын есептемегенде, еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында сол ауру бойынша еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзiмi белгiленбесе, жұмысқа қатарынан екi айдан астам уақыт бойы келмеген жағдайда бұзылуы мүмкiн. Аурулар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Еңбек қабiлетiн еңбекте мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға байланысты жоғалтқан қызметкердiң жұмыс орны (қызметi) еңбек қабiлетi қалпына келгенге немесе мүгедектiк анықталғанға дейiн сақталады;
5) қызметкер ұйыммен бiрге басқа жерге ауысудан бас тартқан;
6) осы Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес неғұрлым жеңiл жұмысқа ауыстырудан қызметкер бас тартқан;
7) еңбек жағдайларындағы өзгерiске байланысты жұмысты жалғастырудан бас тартқан;
8) егер қызметкер тәртiптiк жаза алған болса, ол еңбек мiндеттерiн дәлелдi себептерсiз қайталап орындамаған;
9) қызметкер еңбек мiндеттерiн бiр рет өрескел бұзған жағдайда бұзылуы мүмкін.
Қызметкердің еңбек мiндеттерін бiр рет өрескел бұзуына: бір жұмыс күнi iшiнде дәлелсiз себеппен қатарынан үш сағат және одан да көп уақыт бойы жұмыста болмауы; жұмысқа алкогольден, есiрткiден, уыттанудан масаң күйде келуі; жұмыс күнi iшiнде алкогольден, есірткіден, уыттанудан (соларға ұқсас заттардан) масаң жағдайды туғызатын заттарды пайдалануы; қызметкердің еңбектi қорғау немесе өрт қауiпсiздiгi не көлікте жүру қауiпсiздiгi ережелерін, жарақат алу мен аварияларды қоса алғанда, ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкiн болатындай бұзуы; жұмыс орнында заңды күшiне енген сот үкiмiмен немесе қаулысымен анықталған мүлiктi ұрлауы (соның iшiнде ұсақ заттарды) жатады; (Z970206 (7-бап 33)-34) тармақшаларды қараңыз)
10) егер iс-әрекетi оған жұмыс берушi тарапынан сенiмiнiң жоғалуына негiз болса, ақшалай немесе тауарлық құндылықтармен тiкелей қызмет ететiн қызметкер кiнәлi iс-әрекет жасаған;
11) тәрбиешілiк мiндеттi атқарушы қызметкер аталған жұмысты жалғастырумен сыйыспайтын жат қылық жасаған;
12) қызметкерге еңбек мiндеттерiн атқаруымен байланысты белгiлi болған мемлекеттiк, қызметтік, коммерциялық мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияларды жария еткен;
13) осы Заңның 21-бабына және осы баптың 5) тармақшасына сәйкес басқа жұмысқа уақытша ауыстырған жағдайда қызметкер жұмыстан бас тартқан;
14) Бұрын осы жұмысты орындап келген қызметкер сот шешiмiмен жұмысына қайта алынған;
15) қызметкерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беру тоқтатылған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкiн.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.12.06. N 260 Заңымен, 2004.12.23. N 20 Заңымен.
27-бап. Жұмыс берушiнiң бастамасымен жеке еңбек шартын бұзу мүмкiндiгiн шектеу
1. 26-баптың 1), 2), 5) және 7) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша жұмыс берушi жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда қызметкерге жеке еңбек шартының алдағы уақытта бұзылатыны туралы оның бұзылуынан кемiнде бiр ай бұрын жазбаша түрде ескертуге мiндеттi.
Жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жеке еңбек шартын:
1) осы Заңның 26-бабының 1), 5), 8), 9), 10), 11), 12), 14) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жүкті әйелдермен, бiр жарым жасқа дейiнгi баласы бар әйелдермен (растайтын құжаты болған жағдайда);
2) осы Заңның 26-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз және жыл сайынғы еңбек демалысында болған кезде бұзуға жол берiлмейдi.
Қызметкердің орындалатын жұмысқа денсаулық жағдайы бойынша сәйкес келмеуi салдарынан оның еңбек мiндеттерін тиiсiнше орындауға кедергi жасайтын еңбек қабiлеттiлiгi ұдайы төмендеген кезiнде, не егер еңбек мiндеттерiн орындау қызметкердiң өзіне терiс әсер ететін немесе айналасындағылар үшiн қауiптi болса, еңбек шарты бұзылуы мүмкін.
Қызметкердің денсаулық жағдайы бойынша еңбек мiндеттерiн орындауды жалғастыруға мүмкiндігі болмауы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысымен расталуға тиіс. (V021937 , 3-3-тарау қараңыз)
2. Осы Заңның 26-бабының 1) және 2) тармақшаларында және 30-бабының 1) тармақшасында көзделген негiздер бойынша жеке еңбек шарты бұзылған жағдайда жұмыс берушi қызметкерге орташа айлық жалақысы мөлшерiнде өтемақы төлейдi. (P001942 (2-тарау 16-тармақты қараңыз)
3. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда өтемақылық төлемдердiң басқа да жағдайлары мен мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
4. Осы Заңның 26-бабының 3) тармақшасына сәйкес қызметкердi жұмыстан шығаруға негiз болатын аттестаттау жүргiзген кезде аттестаттау комиссиясының құрамына мiндеттi түрде сол ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерiнен комиссия мүшесi енгiзiледi.
5. Кәсіподақ мүшесi болып табылатын қызметкермен еңбек шартын осы Заңның 26-бабының 2), 3), 8) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша бұзу, сол ұйымның кәсіптiк одақ органының дәлелдi пікірi ескерiле отырып жүргiзiледi. (Z931400 қараңыз)
Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.23. N 20 Заңымен.
28-бап. Жеке еңбек шартының қызметкердің бастамасы бойынша бұзылуы
1. Қызметкер жеке еңбек шартын бұзатындығы туралы кемiнде бiр ай бұрын жұмыс берушiге жазбаша түрде ескерте отырып, оны бұзуға құқылы.
Ескерту мерзiмi бiткен соң қызметкер жұм?